Қазақ тілі

Ешмуратова Зияда Халилаевна — жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы.

Ана тілім, дана тілім — Тәңірім
Сақтай білген сан ғасырлар жарығын
Тілім менің, Абай, Ахмет сөйлеген
Бұғаулауға, шұбарлауға көнбеген.

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауаты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз, өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайсың.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050»: «Бір мақсат,бір мүдде,бір болашақ» атты Жолдауында: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет» деген жолдауындағы сөздерін барша қазақстандық құптайды. Мен әлемдегі ең бай, ең сұлу тілдердің бірі – қазақ тілінің құдіретіне әрдайым сенемін. Тіліміз — бірлігіміздің тірегі, халқымыздың ұлттық байлығы. Қазақстан Республикасының тіл туралы заңының 4 – бабында, Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс – қағаздарын жүргізу тілі.

Б. Момышұлының «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту — бүкіл ата — бабамызды, тарихымызды ұмыту»- деген болатын. Сондықтан тілімізді ұмытпай, әлемдегі ең мықты, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына ену үшін қазақ тілін жоғары мәртебеде ұстауы керек деп білемін. М. Жұмабаев: “Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады” — деген. Тіл байлығы — әрбір ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тілін, көзінің қарашығындай қарап, орынсыз шұбарлануына қарсы тұруымыз керек.